Олимпиада 2008

Image Hosted by ImageShack.us

Қытай олимпиадасы барысында спортшыларымыздың тыныс-тіршілігі мен бәсеке татамилеріндегі жетістіктерін блог және оның тұрақты оқырмандары бірге жасасып еді (қараңыз: Олимпиада 2008 айдары). Алынған асулар мен күтпеген жерден опық жеуіміз, көпекөрінеу төрешілердің бармақ басты, көз қыстылығы мен Әлияның бесінші орынының өзін алтындай көруіміз … – эмоция палитрасы бізді айналып өтпегені кәдік. Илья Ильин қоржынға қос алтынның алғашын салып, көмбеге ерекше табандылығымен тұмсығын бірінші боп тіреді. Жұлқа көтеруден кейін буындары тартылып қалды ма деп қатты абыржыған біздерді серпе көтерудегі үздік көрсеткішімін тыныштандырды. Тыныштандырды дейміз-ау, бөркімізді аспанға лақтыртты Қызылорда мектебінің түлегі. Асық алшыдан түсіп еді. Әуселеміздің жаман емес екенін ұққандай едік… Зілтемірдің тарланбозы дәл осы Ильин ақпанның 14 жұлдызында пышақталып кетіпті… Read the rest of this entry »

Гагарин бар ғой. Тұңғыш космонавт. Ракетамен көк сеңгірді «бағындырған». Жер ананың төсімен қайта қауышқан соң бүкіл КСРО алақанында қалай әлдиледі, ә? Құдды сол сипаттас қой. Бақытымызға қауыштық. Біз де. Сәрсекбаев деген Бақыт ол. Бейжің олимипиадасында қазақ бокс мектебін сыйлаттырған тарланбоз. Әу баста оның ала шапанды елден туып-өскен дегенді жайып салған. Тікелей таратылымдағы эфирде. Кейін Павлодарлық дедік. Қазіргі тұрағын меңзеп. Енді Бақытымыздың «түпнегізі» Шымкент жақтағы Мақтааралға тиісті екені айтылып жатыр. Олай деуде негіз де жоқ емес сияқты. Оралман болып бүкіл әулеті Мақтааралға қазық қағады да, бұлардың шаңырағы кейіндетіп Кереку жаққа ойысса керек. Болжамдар болсақ. Бұл енді қазақтың Бақыты үшін ап-ашық талас… Хас мықтыны кім де болса өзіне тартқысы келетіні түсінікті де. Бірақ осылай талас-тартыс үстінде балаларымыздың мінезіне қаяу түсіріп алмауды да ойластырған мақұл. Қошемет деген дұрыс, жеңіскер рухтың шашбауын көтерген де жақсы. Ертеңгі чемпиондарды еркелетіп алмауды да осы бастан негізге алу керек шығар.

Шымкенттің адуынды ақыны Әселхан Қалыбекованың айтқаны бар-ды, «Бекзатты қазақ құшағына қатты қапсырып, сыйдыра алмады» деп. Бағымызды, бақытымызды қал-қадірімізше қастерлеп, ғұмырлылығына дәнекер болу керек. Күллі ел. Оңтүстіктің әкімі табыстаған Лэнд Крузерлер, жеңімпаздарға тағайындалған сый-сияпаттар дарабоздарымызды тек желпіндіре түсеріне кәміл сену керек. Алда Лондон, алда – ащы тердің исі шыққан спорт кешендеріндегі дайындық жаттығулары. Берік болыңдар, қазақ спортшылары!

ЖАҢАРТЫЛДЫ

Бақытқа Алматы қаласының төрелері де «Құлагер» ықшам ауданы маңында үш бөлмелі пәтер сыйлапты. Ол үй газы тартылмаған үй екен, ол үйге бақыт кеп қонғасын, кезектен тыс жеделдетіп газ, басқа да коммуникация қайнаркөздерін тартып беріпті.

Бақыттың, дегенмен, іске берілгендігі туралы естіген-білгенді де айта отыру керек шығар. Келіншегі айтады екен, олимпиадаға кетуі керек, ұшағына екі-ақ сағат қалған, ол болса «далаға барып, жүгіріп, жаттығып қайтайын» деп… Біз болсақ жүгіру былай тұрсын, жуынып-шайынып, шабаданымызды жинастырып, апай да топай боламыз емес пе… Одан соң Алматыда тұратын бір әріптесіміз бар, спортпен әсіре шұғылданатын. Жақында таңертеңдетіп жүгіріске шықса, осы Бақытты көріп қапты. Зу етіп өте шыққан екен. Демек, спортшы формасын, бабын жоғалтпау қамымен жүр. Демек, бәрі де жақсы болады дегенге саяды бұл…

Ресейде де солай болған. Олардыкі үш бөлек ұшақпен келген ғой. Жеңімпаздар мен спорт атқамінерлері бір ұшақпен, жүлдегерлер мен қатысушылар бөлегінде. Тиісінше «ВИП» ұшақ ерекше қошемет-«мәзірмен», ВИПтердің өту лоббиі арқылы қарсы алынады. Конфетти де, оркестр мен қызыл желекті төсеніш те осылардың құрметіне. Шаршап-шалдығып жеткен басқа рейстегілері «аяқатырынң ұшымен» басқа қабылдау залы арқылы байқаусызда шығады. Дифференциациялау ма еді, қалай еді, әлгі…

Біздегісінің де жалпылама пошымы осы бапта болды-ау деймін. Басқасын қайдам, кешегі Атырау кентінің өзінің дарабозы, Арман Шілмановты әдемілеп, орайлы қошеметпен қарсы алғаны қатты ұнады. Лия Нұркинаны да, таэквондодағы алғашқы жеңілісіне қарамастан халық ду қол шапалақтаумен, табиғи ерекше ықыласпен қарсы алысып жатты! Жеңіскерлер құрметіне лайықталған арнайы кортеж қаланың артериялық көшелері бойымен Қазақстан туын алып жүрді. Ондайда адам бойын мақтаныш та, қуаныш та кернейді, ортақтасу сезімі болады.

Айтқым келетіні, жарысқа қатынасушы барлық делегация өкілдері, жеңіп-жеңбеу номинациясына қарамастан «бөлектелмеуі» керек. Бөлектелмейтін шығар…

Айтпақшы, «head hunting» деген түсінік бар. Спорттағы логика кесіндісіне өңгерсек, басқа елдердің іріктелген құрамасына іліпей қалған кандидаттарды «өзіңе тарту». Осы тәсілді де ойласытырп жүрсек ұтылысқа апармайтын секілді. Ия, спортта намыс, ұлттық сана деген де күш, қайрат беруші ұғымдар, бірақ бүгінгі заманауи үдерістерден күдер үзбеу керегін де мойындау шарт боп тұр. Лондонның әуселесін және Лондондағы өзіміздің әуселемізді көретін күн де алыс емес…

Сонымен, Бейжің олимпиадасы тарих қойнауына сүңгіді де кетті. Тарихтың жәдігері ол енді. Аздап болған-кеткенге экскурс жасайық:

1. Қазақстан құрамасы бұл олимпиадада санағы жағынан бұрынғы жетістіктермен салыстырғанда ең көп медаль еншіледі. Бақандай 13 медаль. Бейресми рейтингте жиырма тоғызыншы, қоржындағы жалпы медаль санағы бойынша он тоғызыншы орында тұрақтады. Бірақ алтын саны Атланта мен Сиднейдегіден азырақ болды. Грекияда өткен олимпиадада біз бар болғаны бір алтын, төрт күміс, үш қола алып, қырқыншы орынды місе тұтқанбыз.
2. Боксшылардан, шыны керек, көптеу күтіп едік. Алтын медальді. Бастапқы кездесулерін сәтті өткізген жігіттеріміздің бағзысы қытайлыққа тап кеп, бұрмалаушылықтың құрбаны болып қалды. Олардың арасында Сапиевіміз бен Шыналиевіміз бар. Артаевтың британдық боксшымен айқасқандағы сылбырлығын әлі түсіне алмай жүрміз.
3. Жарыс иелері ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсті. Бірақ төрешілердің сыңаржақтығы, кейде дау туғызар шешімдері, өрескел «қателері» көбісінің көңілінде кірбің қалдырды.
4. Швеция атынан қосылған балуан салтанатты рәсімде қола медалін татамидің ортасына апарып лақтырып, сонысы арқылы наразылық танытқаны қызық болды. Ал кубалық Ангел таэквондошы жерлесіміз Арманға есе жіберіп алғасын, өшін арбитрден алуға тырысты. Өш «маваша гериді» төрешінің фейсіне бағыттау арқылы көрініс тапты. Ангел бұдан әрмен таэквондодағы персона нон-грата. Өзінен көрсін. Тәжік Джахон Құрбанов Шыналиевтің жолында құрбан боп кетті. Бірақ «тістеспей беріспес» «Тайсонсымақ» болған сиқына не деу керек? Бұған дейін де «құтырған иттің» тірлігін істеп жүрген болса? Джахон Дәруішөлген деген жердің бар екенін әлі білмей жүрсе керек…
5. Илья жұлқа көтерудегі қолын сыздатып алуына қарамастан ерлік көрсетті. Оның әлі жас, тың екенін ескерсек, көп үміт артуға боларын сеземіз. Сәрсекбаевтың да техникасы жоғары екенін көрді күллі жаһан. Сәрсекбаев рингке бес рет шығыстың бәрінде таза жеңіске жетті. Бірақ, боксымыз үшін бұл олимпиада тәуір өтті деу артық. Біздің бокс мектебіміздің әлеуеті әлдеқайда жоғары, кей тұстарды әлі де пысықтай түсу керек сияқты деген тұжырым жасадық.
6. Кезінде біздің Жиров, Артаевтарымыз иеленген Вэл Баркер кубогы бұл жолы украин Ломаченкоға табысталды. Ломаченко сөзсіз зіл жұдырықты, тастай, тактикасы да, техникасы да өтімді боксшы екенін дәлелдеді.
7. Асхат Житкеевке әлі де болса алтын бұйырып қалу ықтималдылығы бар. Моңғолдың қанын тексеру мәселесі сиырқұйымшақтанып кетпесе… Асекең волейболшы капитан қызбен шаңырақ құрғанын білесіздер.
8. Ауыр атлетикамыз үшін табысты олимпиада болды. Важенина, Некрасова, Грабовецкаялардың дайындығын бапкерлер тағы ұштай түссе, Лондонда жақсы көрсеткіштер болуы керек.
9. Көбісі қытай спортшыларының толағай табысы фармакологияға қатысты дегенді кесекөлденең тартады. «Алтын» ине салдыру, жень-шень шөбінің тамырларымен қуаттану, қытайлық дәстүрлі медицина – тыйым салынған «допинг» тізімдегі препараттардың ешқайсысына жатпайды. Тиісінше, заңға томпақ келердей кереғарлық орын алмаған. Қытай гимнастшы қыздарының жасына қатысты дау-дамай туындағалы отыр. Олардың төлқұжаттары өтірік жаңартылып, жастары ұлғайтылып көрсетіліпті-міс деген қауесет бар. Расында да, жүздеріне қарасаңыз, он екісінде бір гүлі ашылмаған өрімдей қыздар.
10. Кеше олимпиадашыларымызды қарсы алуға орайластырылған «дүркіреп өткен» мерекелік концерт болды. «Алматы жеңімпаздарды ұлықтайды» атауымен. Біріншіден, атаудың өзінде үлкен жаңылыс бары ұйымдастырушылардың атына үлкен сын. Екіншіден, аса дайындықсыз, табан астында, экспромтпен жасалғаны айдан анық. Жүлдегерлерді таныстыру барысында Азамат та, Мәдина да кешірілмес қателер жасады деп білемін: медалисттерімізді атай отырып, күміс жүлдегерлердің бәрін «қола» медалист қып жіберді. Бүкіл ел алдында, тікелей эфирде… Немесе, оларға солай жазылып берілген. Олардың таныстыруы бойынша, екі алтын, қалғанының бәрі қола болып шығады. Бақыт Сәрсекбаев пен Әсет Мәмбетов лимузиннен түсіп тіке сахнаға беттеді. Бақыт өзіне қазақша қойылған сұраққа өзіне ыңғайлы орыс тілінде жауап қатты. Тақымқысар жұрт та көптеп жиналыпты. Олимпиада – тегеурінді консолидациялық күш екенін аңғару қиын емес. Жеңіскерлердің рухы өрлей түсуіне бәрі ниеттес!
11. Әлия Жүсіпова келесі олимпиадаға барып-бармауы үлкен сұрақ. Олардың спортында жиырма бестерден асқан қыздар зейнеткерлікке шығады. Әлияның грациясы, пластикасы тамсандырмай қоймайды. Виннердің өзінен тәлім алатын шәкірттің бәсекелестері де сай тасындай іріктелген кіл мықтылар. Славян қыздардың бенефисі болды, негізі. Әлия – үлкен шебер. Бірақ оның құрбылары да кем соқпайды екен. Нелли Кимнен кейінгі отандық спорт анналдарында Әлияның аты ерекше қаріптермен жазылуға лайық.
12. Лондонда бәсекелестік, оның ішінде спорт шымылдығынан тыс бәсекелестік те артпаса, кемімейтінін күту керек. Соған қарай лайықталмақ, сайланбақ керек. Спорт инфрақұрылымына қажетті инвестициялар жасалып, тиісінше келешек олимпиада чемпиондары тәлім-тәрбие аларына сенгіміз келеді. Бейжіңдегісі – олимпиаданың тек спорт қана емес, саяси-экономикалық жетістік пен табыстың индикаторы екенін дәлелдеді. Спорты дұрыс жолға қойылған елдің мазасы да дұрыс деген ойға сайса керек.

Олимпиада басталысымен манускрипт болмаса да, алтынмен қашалып жазылмаса да, бір «scoreboard» болуын қаладым. Әр жеңіскер жазылып, «тіркеліп» отырды. Әріптестерім кеңсеме келіп, соңғы жеңісті жаңалықтарды осы тақтаға қарап біліп кетіп отырды. Олимпикс дайджест. Қорытынды бейне келесідей мазмұнға ие:

Өткенде аудармашылар болып олимпиаданың слоганын қалай қазақшаласа болады екен деп “brainstorming” жасап едік. Бірі «Бір әлемге бір арман», басқасы «Жалғыз әлем, жалғыз арман», тағы сол сарында баламалар ұсынылды. Ол «ми қағыстыруда» мен үнсіз қалып едім. Бұны «Күллі ғаламды ұйыстырған ортақ арман» дегім келеді. Сіз қалай аударар едіңіз?


Read the rest of this entry »

Блог канцеляриясы осы жүздесу платформасына келіп, емін-еркін пікір алмасып, қуанышта да, қынжылыста да бірге болысқан оқырмандарына алғысын білдіргісі келеді. Оқырмансыз – блог тұл екені бұған дейін де сіздердің блогтарыңызда айтылған еді, соны қайталап кетудің реті туып отыр. Блогтарыңызды бұдан кейін де жетімсіретпейтіндеріңізге кәміл сенуге толық негіз бар. Оны сіздер бек дәлелдеп келесіздер. Сіз бен біздің блогымыз үшін!!!

Тхэквондо ережелері бойынша бір минуттық үзіліс алып, кейін ойынның бітуіне дейін «даянға» (боз кілемге) қайта шықпаған төбелескер жеңілген болып есептеледі. Арманның қарсыласы «Періштенің» (Ангел Матос, Куба) бұлқынуына тараптарлар табылуы да мүмкін, бірақ оныкі – жігіттік емес… Қазақтың мақал-мәтелдерін көбірек оқуы керек оның, төрешіні тебе бермей. Өмірінің соңына дейін дисквалификация алған ол енді асықпай-аптықпай қазақтың даналығына қана берсе болады…

Ат төбеліндей он алты күн. Әлемді өзара бәсекелестіріп қойған он алты күн. Сынаптай сырғыды да, ғайып болды. Бірақ ол 2012 жылы, араға төрт жыл салып Лондонда алауын жағу үшін ғайып болды. Кешегі «Лондон-Бейжің-Лондон» қызыл автобусына қарап түйгеніміз осы болды. Қытай өзінің мыңдаған жылдық тарихы бар сөзсіз алпауыт десек, мына «сабантойды» абыроймен атқарғаны – мойындалған ақиқат. Скептиктердің сөзі екен ол, Тибет проблематикасына қатысты көптеген дүрлігулер болады деп алып-қашпа әңгіме таратқан… Аламан додаға сақадай сай сайланған аспанасты елі оттағыш екі елі ауыздарға бес елі қақпақ қойды. Өз ісімен, ұйымдастырушылық әрекетімен.

Қазақ елінің аталмыш дүбірдегі перформансын таразылар болсақ, жалпы «жақсы» деген «баға қоюға» болатын шығар. Болжамдалған көлемдегі медальдар алынды, Бақыт пен Илья – қос қаһарманымыз болды. Әрине, кей сәттерде алтынға сәл-ақ, бір секунд, бір соққы, бір килә, бір сантиметр жетпеген әттеген-айлар болмады емес, болды. Бірақ олимпиада кереметі де сол екен, барына тоқмейілсиміз. Қанағат.

Бейжің ойындарының шымылдығы жабылар күнгі Бақытқа артылған жүктің қаншалықты болғанын біз тек сезе аламыз, білетін – Бақыттың өзі. Тұлпарды шабысынан, тұяғынан таныған елміз ғой, ал өзі туып-өскен алашапанды көрші шеттетіпті. Бақыт өзі апасының қолында өскен жігіт қой, сиырды да бағыпты, базарда да сауда жасап, нәпақасын айырыпты. Олардың жеті дүркін чемпионы бола тұра шешуші сәтте ысырып тастаған. Қазаққа оралған бақ болды Бақыт. Бақсаңыз, бақыт қол созымда ғана болуы мүмкін екен, оның қалай келіп қалғанын байқамай да қалатын сәттер болады екен. Көзіміз жетіп үлгерді. Бақыт әлі жас, келесі олимпиадаға да үкілеп қосуға лайықты азамат…

Қалай болған күнде де, олимпиаданың қызуы аздап сууы керек. Сонда бейэмоционалды ой тарқатулары бола жатар. Қазірге той тарасқан сәтте біз Бақыттың алтынына бақыттан басымызды айналдыруға құқылымыз. Айналып қана кетейіндер…