
Атын білмей қор болдым.
Әйтеуір, сол қыз – бір сұлу
Ділдәбек келісті, көрікті жігіт болады. Ол дәуірде қазіргідей СМСтесу мен әлеуметтік тораптар жоқ, пәлен жердегі түген деген ибалы қыз бен ата жолын пір тұтқан нарқасқалар туралы әңгіме ел аузына тарап, жеңгелер бас ньюсмейкерлер (бүгінгі өлшеммен алғанда – танысу порталдарының «админдері») болатын заман болса керек. Біздің Ділдәбек қасына жігіттерін ертіп, салт аттылардың делегациясы көрші ауыл мен осы ауылдың жеңгейлерінің мәмілеге келіп, ұйымдасуы дәнекерлігімен қыз көруге аттанады. Келген ауылдарында жеңгелер алдын-ала қам жасап, сегіз қанатты шаңырақтың біріне ауылдың қыздарын шақыртып қойған екен. Қонақ жігіттер жайылған дастарханның төріне жайғасып, күбіге піскен хан қымызды сіміріп отырады. Уақыт толғағы піскенде жеңгейлер бикештерді түгел ішке шақырады. Түгел қыздың ішінен Ділдәбек ең соңында бәрінен оқшауланғысы келмей, тасада тұрған қыздың атын сұрайды. Аты Сұлу екен. Өзі де қасы-көзі қиылған хас сұлу болса керек. Ділдәбек осылайша Сұлуға бір көргеннен-ақ аңсары ауады. Жеңгелеріне ырымдап, ымдап байламын білдіреді. Сонда 15 жасар Сұлудан жеңгелері «Қаладың ба?» деп сұраса, әлі ойынға құмары толық қана қоймаған ерке қыз «Қәләдім» дей салыпты. Сақау ғой…
Сол екеуінен Ниязбек, Үрбибі (Үрбі), Зиябек атты екі ұл, бір қыз тарапты. Сосын сұрапыл соғыс оты күллі Кеңес одағын шарпып, ауыл-аймақтағы қолына қару ұстауға жарамды барлық азамат советтік армияның қалқаны болмаққа қан майданға аттандырылады. Олардың қатарында Ділдәбек те бар. Сол кеткеннен мол кетіпті. 23 жасар Сұлу үш бала-шағасымен жесір қалып, колхоздың қойын бағады. Енесі үйінде балаларға қарап отырады екен. Сұлудың нақсүйермендігі мықты ғой сонда, ешкімнің етегіне жабыспайды одан кейінгіде.
Бірде құрбыластарымен отырғанда егіліп былай деп әндеткен екен:
Басында Қаратаудың қос қараған,
Дария толқып сол таудан су тараған.
Әсем қыз, әсем жігіт бәрі сонда-ау,
Неғып келдім, япырмай, сол арадан…
Бұл шумақтан туған ауылға деген шексіз сағыныш, жас күндегі сауық-сайранға деген ностальгияны анық байқауға болады.
Бертін келе немере де, тіпті шөбере де сүйеді. Сұлудың аты сұлу ғой, екі бетінен қан тамған қызыл шырайлы, көзі жәудіреп, сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді дегендей қартайса да өңін бермеген кісі. Шашын да ақ шалмапты, «Қарашаш мамадан жаралған» сондай болады екен ғой, шаштары қап-қара күйінде 85-86 жасына қараған шағында дүниеден озыпты. Сол Сұлу апа шешеме кіндік шеше болған кісі екен. Сұлу апаның қызығы да көп. Тауықтың жұмыртқасын жинап, қалаға апарып сатады екен. Шымкенттің іргесіндегі «Көкбұлақ» деген елді-мекенде тұрады. Қалаға «Дәшни» пойыз қатынайды. «Дәшни» деп «дачный» пойызды апалар өз тіліне икемдеп алғаны ғой. Бірде ауылдан қалаға анау-мынау сатпаққа аттанатын қатын-қалаш пойызға үлгермей жатыр екен. Әудем жерде пойыз бұлар мінетін стансаға аялдап, қозғала бастайды. Сонда Сұлу апа жүгіріп барып басындағы ақ сәлдесін шойынжолдың үстіне лақтырып жібереді. Мәшінис бала иманы болса баспас деп. Пойыз «пышшш» етіп тежеле қалады. Апалар «оп-оп» деп мінгесіп алған екен Сұлу апаның осындай көрегендігі арқасында.
Бірде ағайынды Ришат пен Мүслим Абдуллиндердің орындауындағы Сыдық Мұхамеджановтің «Әйтеуір, сол қыз – бір сұлу» әні шырқалып жатады патефоннан:
Білмеймін, Ақтөбе ме, Ақмола ма,
Бір сұлу маған бір күн тап бола ма?
Қыз таңдап ел қыдырып жүргенімде,
Шынымен, маған солай бақ қона ма?
Айсұлу әлде Нұрсұлу,
Жансұлу әлде Күнсұлу.
Атын білмей қор болдым.
Әйтеуір, сол қыз – бір сұлу
Сөзден тосылмайтын, әзілі таусылмайтын Сұлу апа қасындағы замандастарына «көрдіңдер ме әне, мені шарқ ұрып Ақтөбеден де, Ақмоладан да іздеп жатыр, сұлға ғашық өңкөй. Әйтеуір мені сұлу қыз екен деп ән шығарыпты, бәлесін қара» деп бір ду күлкіге батырған екен айналасын. Айтқандай, кезінде диктор болып, телевизия аудиториясын баурап алған Рабиға Аманжолова осы Сұлу апаның туған жиеншары. Рабиғаның әкесі Кәрім Асылов Сұлудың туған жиені боп келеді екен.
Сұлу апа шешемдердің әулетіндегі қыздарды атымен атамай, өзінше ат қойып шақырады екен:
Тұлымды қыз дегені үйдің үлкен қызы Сағадат.
Сары қыз дегені Сағадаттан кейінгі Салауат.
Кенже қыз дегені бұдан кейінгісі ұл болсын деген ырымы, Салауаттан кейінгі Парахат.
Аппақ қыз дегені Парахаттан кейінгі менің шешем, Мафрат.
Бөбек дегені шешемнен кейінгі тұяқ Шүкір. Менің нағашым.
Бір отырыста нағашыма терме айт деп қолқа салған Сұлу апа, «әй, әнді айтқызсаңдар бөбекке айтқызыңдар» дейді екен. Сонда Шүкір тағам: «Елуге келсем де бөбек болам ба?» деп әзілімен түйреп алғысы келген ғой. Сөзден қалысар Сұла апа ма, «Елуде де бөбек болып жүргеніңе шүкір де, Шүкір, деп қарымта қайтарыпты.
Міне, қазақ сахарасында Сұлу апа сияқты небір қасиеті мықты кісілер өткен ғой. Солардың бірі біздің әулетке тікелей қатысы бар әзиз ана, еліне сыйлы өнегелі тұлға екенін мақтан тұтамын. Анығын айтқанда, қазақтың әрбір анасы да, апасы да сұлу ғой… Өзі қонған ауылына бақ қондырған сұлулар олар…
Ілмек: дәшни, кіндік шеше, Сұлу апа, Шүкір




сіз айтпақшы, смстесу мен әлеуметтік тораптар бұрынғы романтикадан түк қалдырмаған секілді…
Әдетте баланың кіндігін кім кессе, соған тартады дейді ғой… Мамаң да Сұлу шешесіне тартқан болар?
Әңгімеңді оқып отырып, еріксіз балалық шағым есіме түсіп жылағым келіп кетті. Ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелердің мейірімі мен қызық та өнегелі әңгімелерімен өскен бала өмірде кем болмайды. Өкінішке орай, қазір сол қарттардың қатары сирек. Қазіргі балаларға жаным ашиды…