287 рет оқылды

Image Hosted by ImageShack.us
«Сақал-мұрты бар, бойы ұзындау жапон» болып шықтым (А.Е.)

Өмірдің өз өрнегін өрнектейді ол. Ұрымтал тұстарын қолы қалт еткенде блогына жүктеп. Жүктемегенде ше – өз көргенін, түйсінгенін бөліседі, басқасына білдірсем екен деген ізгі ойы бар сайланған… Асхат Еркімбай – журналист амплуасында блог ісін жетік меңгеріп, осы арбаны абыроймен сүйреп әкетіп бара жатқан сақа жазбагер. Асхаттың кім екенін біз емес, блогы және прогресшіл журналисттен алған сұхбатымыздағы жауаптары айтсын:

Н.А.: Өріктері гүлдеп жатқан ауылдан сәлем, Асхат! Қалай жалпы, кісі елінде жерсініп, жатсынып жүрген жоқ боларсың?

Асхат Еркімбай: Сәлем, Нұреке! Әбден Еуропаны аралап үйреніп қалған басым, бас кезінде: «Қайда келіп қалдым?» деп аңтарылғаным рас. Қазір қарап отырсам, қанша дегенмен Азия елдері халықтарының менталитеті ұқсас екенбіз. Әсіресе, жуастығымыз көзге бірден түседі. Еуропада жүргенде жыртқыштар арасында жүргендей сезінетінмін. Батыста бәрі қарбалас, жанталас, бәсеке… Нью-Йоркта болғандар болса, мені түсінер. Ал мына жақта бойымды мимырттық, сабырлық, қанағатшылық сезімі баурады. Әлгі өлең бар ғой. «Еуропа да, Азия да емеспін мен» деген. Соның рас екеніне мына жақта жүріп көзім жетіп отыр. Жұбан ағамыз қалай дәл айтқан десеңші! Біз мүлдем басқа екенбіз. Біз дегенде Орыс империясының құрсауынан шыққан кіндік Азия елдерін айтамын. Себебі түріміз бір болғанымен, санамыз сол үш жүз жылғы царизммен қалыптасқан. Еуропалық ойлау жүйесі де бойымызда бар. Алған біліміміз де, жинаған тәжірибеміз де басқа. Қарапайым ғана мысал, біздің қазақтың қыздары мен мына жақтағы қыздардың түрі ұқсас болғанымен, ТМД-дан шыққандарды жүрісіне, кісілермен жасаған қарым-қатынасынан анық байқайсың. Көшеде қазақтың қызы кетіп бара жатса, оны мойнын бұрып қарағанынан-ақ танып қоюға болады :)

Н.А.: Сымбаттың блогында түрлі ұлыс пен ұлт несімен танымалды екені турасындағы жазбаны оқыған шығарсың. Куала Лумпурдағылар сені не елдің баласы деп қабылдап жатыр деп сезінесің?

Асхат Еркімбай: Иә, Сымбаттың блогын оқу маған да қызық. Қазақи болмыспен өрілген ойларынан үнемі жаңалық тауып отырамын. АҚШ-та жүргенде мені малайлықтармен шатастыратындықтан, мына жақта мені өзімсініп қабылдар деген «жаман» ой болған. Сөйтсем, мына жақта «сақал-мұрты бар, бойы ұзындау жапон» болып шықтым. Дүкенге барғанда сатушылар маған бірінші кезекте жапон тауарларын ұсынатынының себебін екі аптадан соң барып түсініп отырмын. Десе де ағылшынша сөйлегенімнен бөгде елдің азаматы екенім білініп тұрады. Араб елдерінен келгендер “r” дыбысын анық айтып сөйлейді ғой. Біздерде ол ағылшындардай шыққанымен сөздің екпінін қазақ тіліндегідей соңғы буынға түсіре беремін. Қасымдағы басқа қазақ балаларды кәріске, қытайға ұқсатады. Группаласым (малайлық) алғашқы күні менің қай елден екенімді білген соң, үйіне барып картадан Қазақстанды іздепті. Мұсылман елдерінен (Судан, Сауд Арабия, Ирақ, Иран, Мысыр, Ливия, Йемен) келгендер менің мұсылман екенімді білсе де, «современный» көзқарастарыма қарап, кішкене тартынады. Әрине, бәрімізде де стереотип бар ғой. Десе де, мына жақта «мұсылманмын» десең, бауырына тартады. Мешітке барғанда, кісілермен «Ассалаумағалейкум!» деп амандасқанда сезінемін. Исламның бұл құрлыққа жетіп, осының бәрін көзбен көріп, көңілмен түйсінуді бұйырған Аллаһқа шүкірлік етемін. Алғаш келіп, адамдармен танысқанда жүрегіме қанжардай қадалатыны: «Сен мұсылмансың ба?» деген сұрақ еді. Кәдімгідей ойланып қалатынмын.

Н.А.: Малайзияның әлеуметтік-экономикалық құрылымы бізге несімен үлгі бола алады? Өзің қандай тұстарды ұнамды дер едің?

Асхат Еркімбай: Қойған сауалыңа мен дәп әзір жауап іздеу үстіндемін. Мен қазір Куала-Лумпурдың орталығындамын. Күнделікті жүретін көшемнің қандай екенін видеоға түсіріп, блогқа қойып қойып едім. Менің қазіргі көріп жүргенім шынайы Малайзия емес. Туристерге арнап жасаған жасанды келбеті ғана. Алдағы күндерде Малайзияның алыс ауылдарына барып, тұрғындардың тұрмысын көргім келеді. Бұл жаққа да кедейлік ұғымы таңсық емес деп ойлаймын. Бір группаласым Джун Хаудан әке-шешесі туралы сұрағанымда: «Екеуі де сауатсыз» дегенді естіп, ыңғайсызданып қалғаным бар. Ресми мәліметте Қазақстан халқының 95 пайызы оқып-жаза алады ғой. Әлеуметтік құрылым негізінен малайлықтар, қытайлар, үндістер, сосын тағы кішігірім диаспоралар бар. Соңғы екеуі XV ғасырда осы аралға сауда жасап келіп, қоныстанып қалған. Қазір енді өз құқықтарын даулап жүр. Олар малай азаматы болғысы келмейді. Дәл біздің елдегі «психология квартирантства» синдромына шалдыққан кейбір орыс ұлтының өкілдері тәрізді. Тәні – Малайзияда, бірақ жан-жүрегі – Қытайда. Жергілікті малайлық қытай досым Тың Зо: «Бұл орталықта ереуілдер көп болмайды. Басқа өлкелерде протесттер болып тұрады» деген.

Маған бәрінен де банк ұнады. Қызық. Банк деген жазуы бар ғимаратқа кірсең, ішінде саған қызмет көрсететін адам жоқ. Бәрі банкомат. Бір үлкен бөлмеде 50 шақты банкомат қаз-қатар құрылған. Барлық операцияңды (ақша аудару, салық төлеу, депозит, т.с.с.) сонымен атқарасың. Тәулік бойы қызмет етеді. Ал тірі адамдар орталықта тек төртке дейін, аптасына төрт күн ғана қызмет етеді. Жұма демалыс болмағанымен, Жұма намазға арнап ұзақ үзіліс беріледі. Осы жұмада елдің сұлтаны біз намаз оқыған әл-Бұхари мешітіне келді. Дүрлігіп, дүркіреп, шапқылып жүрген ешкімді байқамадым. Халық бұны болуы тиіс нәрсе де қабылдайды. Экономикасын жақсы ұстап отыр. Рингит тіпті осы екі аптада ептеп көтерілді. Түсінуімше, бұлар да қолдан басқаруға көшкен сыңайлы.

Туризм жақсы дамыған. Біз олардан осыны үлгі ете аламыз деп ойлаймын. Сосын «Халал» стандарты ерекше. Ішкен суыңа дейін «Халал» тексерістен өтеді. Технология жағы қатты дамыған. Әрбір адам компьютерде жұмыс істей біледі десем, артық айтқаным емес. Тереземнің сыртынан жергілікті мектеп көрінеді. Ер балалар мен қыз балалар бөлек оқиды. Сонысы ұнады. Бұл елде де «2020» мемлекеттік бағдараламасы бар. Сосын жергілікті Бәйтеректері бар. Бір таныс малай-блогшы: «Қазақстан бұны бізден үлгі етті» дейді. Анығын Аллаһ білер.

Н.А.: Ағылшын тілі курстарындағы жетістіктерің қалай енді? Болашақта бұл тіл несімен көмектесуі мүмкін деген ойдасың?

Асхат Еркімбай: Оқып жүрген ELS курсының ең үлкен артықшылығы мен үшін reading and writing деген пәннің болуы. Қазақстанда бірнеше курстарға барсам да бұндай нәрсе үйретпепті. Сосын оқу ақысының да Алматынікімен шамалас екендігінде. Тағы бір ұнайтын тұсы – LTS деген компьютер кластың болуы. Ол жерде мұғалімің компьютер болады. Бұлардың методикасы көбіне өткен мақаланы санаңда барынша ұмытылмастай етіп бекітуге негізделген. Мұғалімдер Оксфордтан оқып келген. Бірақ бәрі бірдей американдықтар емес. Алматыда грамматиканы жақсы үйренуге мүмкіндік бар. Бірақ сөйлеп, жазатындай деңгейге жету үшін аптасына үш рет кешкі екі сағаттық курстарға қатысу аздық етеді. Алдағы аптада осы айдың емтиханын тапсырмақпын. Ағылшын тілі маған ағылшынша сауатты жазу үшін керек қой, Нұреке!

Н.А.: Хош, ендеше… Айтпақшы, осы Малай елінде «интернетке шығу» бағасы қалай екен біздің тарифтермен салыстырғанда?

Асхат Еркімбай: Мен бір айға, күндіз-түні сымсыз интернетке 30 RM (малай рингиті) төледім. Бұл теңгеге шаққанда 1200 теңге. Қалтафон арқылы ммс жіберу 20 теңге, смс жолдау одан сәл арзандау.

Н.А.: Өзіңді бір кішігірім баркэмпке қатысқалы жатыр дей ме…

Асхат Еркімбай: Куала Лумпурда келесі аптада Баркэмп болғалы жатыр. Соған қатыссам деген ниетім бар. Бірақ тақырыптарын қарап отырсам, бұрын мен естімеген, білмеген тың дүниелерді талқыламақшы.

Н.А.: Интернет-ресурстарды толыққанды бақылауға алуға қатысты бастамалар сенің ойыңша қазақ блогосферасына тың серпін береді ме?

Асхат Еркімбай: Әрине «бақылау» ешқандай «серпін» бере алмайды. Бұл бастама болса да, болмаса да интернет адамның үйіне келсе, ол оны тұтынады. Интернеттен адам өзіне пайдалы дүние тапса, оны күнделікті қолданады. Оған ешқандай заң кедергі болмауы тиіс. Ал интернет технологияны дамыту үшін IT сауаттылық керек. Өкінішке қарай, IT сауаттылық жөнінен біздің ел әлі де артта қалып отыр.

Егер блогосфераға қатысты айтар болсам, блогшыларда үрей пайда болуы ықтимал. Бірақ билік те халықты үрейлендіргеннен ештеңе ұтпайтынын жақсы біледі. Сосын қазақ блогшыларының мақсат-мұраты Қазақстандағы орыстілді блогшылармен салыстырғанда көп ретте үндес шығып отыр.

Жеке өз басым, «толыққанды бақылау» мен «реттеу» сөзінің арасында айырма бар деп білемін. Бақылау серпін береді деп ойламаймын, реттеу серпін береді. Мәселен, қазақ ұлтының намысын қоздырып, ұлтараздыққа шақыратын орыстілдегі ресурстарды ретке келтіру керек деген пікірдемін. Біз блогты өзіміздің кішкентай идеяларымызды жүзеге асырудың құралы ретінде пайдалансақ, үкімет те оны солай пайдалануға хақылы. Әрине, үкіметтің мұндай шараға баруының себебіне де үңілген жөн. Себебі, интернетте ашық пікір көбейіп кетті (терроризм мен зорлық-зомбылыққа үндейтіндерді бұған қоспасақ. Оларды бақылауға алу керек). Неліктен? Себебі ашық пікір айтатын алаң болмады, яки олар тұншықтырылып келді. Билік керісінше, пікір алуандылығының болуына мүдделі болуы керек қой. Егер билік осы уақытқа дейін диаспора өкіліне Қазақстанды отаны деп санап, қазақтың тіліне құрмет көрсету керектігін үйрете алмаса, неге мен бұдан зардап шегуім керек? Біз (қазақ блогшылар) қазір керісінше, ақысыз-пұлсыз бағдарламаларды (Wordpress, Facebook т.б.) аударып, жұрт игілігіне ұсынып отырмыз ғой. Біздің осы ісімізге билік кедергі болатын болса, ұлттық мүддеге қарсы екенін көрсетеді ғой?

Н.А.: Сөзіңіздің жаны бар сияқты, Асеке… Сөз соңында блог оқырмандарына шымылдықжабар түйінді ой, тілек, мұң-мұқтажыңды айтып бөліссең…

Асхат Еркімбай: Блогосферамыз әлі де қайнай алмай жатыр. Шашырап бара жатқанымыз, әртүрлі жобаларды бастап, аяқсыз қалдырып жатқанымыз ұнамайды. Бұл ізденістің болып жатқанын көрсетеді ғой. Әрі кейбір жобалар қаржылық қолдауды қажет ететінін де жақсы түсінемін. Блогшылардың амбициясы ұнайды. Кемелеріміз кішкентай болса да, үлкен мұхитқа сапарға шықтық.

Менің қорқатыным – блог күні ертең біздің ниетімізге кері жұмыс істей ме деймін. Қазақ блогосферасында анайылық пен бейәдептіліктің, рухани жұтаңдықтың белгілері білініп келеді. Бұл біздің қоғамның көрінісі. Одан қашып құтыла алмаймыз. Сенің блогың осындай кезде терең тыныс алып, тұншықпауға жәрдемдеседі. Блог – күні ертең дамитын WEB 3.0-ге апаратын көпір деп білемін. Виртуалды әлеуметтеніп келеміз. Қазақтың виртуалды келбеті қалыптасып келеді. Қазір мүмкіндік пен уақытымыз бар кезде, осы бір игі іске үлес қосатындар көбейсе деймін.

Н.А.: Бәрекелді Асеке! Алтынға бергісіз уақытыңды бөліп, блог сұрақтарына қанықты жауап қатқаныңа рахмет! Кісі еліндегі елшісіне блогосфералас мүдделестерің саған тек сәттілік пен толағай табыс тілейтінін жадыңда түйе жүргейсің!

Асхат Еркімбай: Аллаһ разы болсын!!!

Ілмек: , , , , , ,

1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (Баға беріңіз)
Loading ... Loading ...

9 пікір жазылған

1.  Arsik
30 Наурыз 2009 - 1:41 am

бәрекелді, тамаша :) цитаталарға бөліп-бөліп алатын сұхбат екен.

2.  Bakytnur
30 Наурыз 2009 - 7:26 am

Kyzygyp otyryp okydym, jaksy suhbat eken. Kashanga dein bolasyn Malayziada.

Balkim sol jerlerde juzdesip kalarmyz degen oidamyn. ;)

3.  Akzere
30 Наурыз 2009 - 12:24 pm

Күшті сұхбат!!!
Менен сұхбат алу үшін қайда барып келсем екен… :-)

4.  Aiko
30 Наурыз 2009 - 3:17 pm

“Менің қорқатыным – блог күні ертең біздің ниетімізге кері жұмыс істей ме деймін. Қазақ блогосферасында анайылық пен бейәдептіліктің, рухани жұтаңдықтың белгілері білініп келеді. Бұл біздің қоғамның көрінісі. Одан қашып құтыла алмаймыз.”
мына сөздер кәдімгідей ой саларлықтай екен,,, біраз сөздер жазғым келіп ед, тілімді тістеп қалуға тура келді…

Ақзере :)

5.  technosyndrom
30 Наурыз 2009 - 4:24 pm

Кесіртке, кесіртке не болды, Нұреке, нағыз қызық жері қайда? :)

6.  өрімтал
30 Наурыз 2009 - 5:50 pm

Ниеттеріңізге рахмет.
Бақытнұр, Малайзияда шамамен әлі үш айдай боламын инш!
Ереке, кесірткемен қоштасуға тура келді. Өткен аптада басқа пәтерге көшіп едім. Бірақ бұл жақта кішкентай майда құмырсқалар көп екен.

7.  Symbat
30 Наурыз 2009 - 6:41 pm

:oops:

Не ғой, малайлардың сырт пішінінде қытайлардан айырмашылығы бар ма? Сосын ол жақта тіл мәселесі қалай?БАҚ қай тілде?

8.  сәкенспб
30 Наурыз 2009 - 11:13 pm

МашАЛЛЛАХ Асхат!
Нұрғиса саған да үлкен рахмет.

9.  Orynbek Koshekbaev
26 Шілде 2009 - 3:42 pm

Nurgissa Assylbekov is proudly powered by WordPress Web Design by InforGreek!!!!Wowwww! What a great high-profile statement!!! Ur ex b2b is next to me. We’re still in the office, though people say that Sundays should be seen as “holy” days given by the most Superior!!!

One Trackback/Ping

  1. Ылдым-жылдым: Ислам банкі ашылатын болды « Өрімтал    Сәу 01 2009 / 2pm:

    [...] білдіріп кеткен едік. Танысып шығамын десеңіз мына жерде. Біз туралы ол жерде “слух” бар. Бүгінгі [...]

 

Пікір жазыңыз

Аты (*)
Mail (жарияланбайды) (*)
Сайт
Мәтін