533 рет оқылды

Білемін. Сеземін де. Сізсіздікпен арпалысып жүргенімді бақылап жүргеніңізді. Бұйрық солай болғасын көндігуден басқа шара жоғын да білуім керек. Сіз Асанды да, Зәуре мен Алтынайды да, мені де – түгелімізді аяққа тұрғызып, үлкен өмірге жолдама алудағы дәнекер-менторымыз болып, әкелік парызыңызды өтеп үлгергенсіз. Талмай еңбектенудің, кішіпейілділік пен дархандықтың кәнігі үлгісін сізден көріп өстік. Бірақ шаһарымызда сіздің примаңыздың даусы естілмей жүргелі бүгін ат төбеліндей бір жыл болып үлгеріпті. Бақандай үш жүз алпыс алты күн…

Шымкенттегі саз колледжінде де, филармонияда да сізді тек дәулескер примашы ретінде ғана емес, өмірі өнегелі тұлға ретінде де таниды екен. Дұға бағыштамаққа келгендерінде сағынысуларынан, еске алысуларынан аңғарғаным сол болды. Ес білгелі сіздердің концерттеріңізге мамам ертіп барады, көрсін дейді екен ғой қарап отырсам. «Анау тәтем ғой, тәтем ғой анау отырған» деп алақайлап, аласұрып кетемін. Оркестрдің қақ ортасында отыратынсыз, дирижер Есіркеп ағайдың ырғағымен небір әсем күйлер тартылды, әндер айтылды. Сіздің партитураларыңыз таза, фальшсіз, айна-қатесіз шебер шығатын. Сахнаға әрбір шығуыңыз біз үшін бенефис, мамам концерттік киімдеріңізді әдемілеп жуып, тазартатын да, Асан екеуміз кезектесе ұқыппен үтіктеп беретінбіз. Қара костюм-шалбарларыңызды үтіктегенді қаншалықты сағынып жүргенімді сезетін шығарсыз…

Шәкірттеріңізге ұлағатты ұстаз бола да білдіңіз. Олардан қалыспайын деп күнделікті үйде екі-үш сағат жаттығатыныңыз бар еді. Мамам пианинода, Зәуре домбырада, сіздікі прима.. Үйде гармонияның ноталары үзілген емес. Зәурені музыкалық училищеге түсіремін деп, екі ішектіні өмірі қолына ұстамаған оны ынта қойып, ерекше зейінмен дайындадыңыз. Мен бақылап, көз алмай қарап отыратынмын. Үзіліс жасап, шай ішуге төр бөлмеге кеткендеріңізде, мен ұрлана барамын да, бет алды сабалап жөнелмей, жай ғана бір-екі вариацияларды шертіп көремін. Соған мәзбін ғой. Зәуре кейін училищеге түсті, оны үздік бітіріп, бүгін ол да өз шәкірттерінің домбыраға сүйіспеншілігін арттыруда еңбек етіп келеді. Сіздер бәріңіз таңертеңімен біріңіз жұмысқа, біріңіз мектепке кетесіздер де, мен түске дейін үйде жалғыз қалатынмын. Жасым жетілерде. Кейде қорықпас үшін домбыраны қағып-қағып жіберіп, бар дауысқа саламын да, одан кейін орнай қалатын мүлгіген тыныштықтан қайта қорқа түсетінмін… Жасырын домбыра тартып үйренгенімді сіз үйге бірде қонақтар келгенде ғана біліп едіңіз. Отырыс арасы мен барып, «өлең айтып берейін бе» деп қалғанымда таңырқай қараған жүзіңіз есімнен кетпестей боп жадыма берік жазылыпты. Өлеңімді айтып болғанымда ерекше толқығаныңызды анық сезіп ем. Кейін үнемі айтқызатын болдыңыз. Ысылттыңыз. Сахналарға да шыққаным болды. Тақым қысып отыратынсыз қашанда.

Лицейдегі, одан соң жұмыстағы жетістіктерім болса достарыңызға айтып, қуанатынсыз. Мен, «түу, тәте, оны айтып мақтанып қайтесіз, маған ыңғайсыз ғой» дегеніме пысқырмайтынсыз да. Тіпті енді болайын деп жатқан жағдайларды да барып айтып, бөлісетінсіз. Ол достарыңыз кездесе қалса, «қалай, өткендегі тірлік ойдағыдай болды ма» дегенде, «қап, тәтем қайтадан бәрін жайып салыпты» ғой деп мазасызданамын ғой. Сөйтсем, ол әкенің баласының әр табысты қадамына ортақтасуы, ерекше қуануы екен ғой… Оны есейе келіп түсініп жатырмын.

Тұтастай өнермен өрнектелген өнегелі өміріңізде ғибратлі тұстар аз болмады. Зерделей қарасам, сіздің әсіре жұмсақтығыңыз, жуастығыңыз, «жоқ» дей алмауыңыз – ешкімді ренжіткіңіз келмейтіндіктен екен ғой. Мен болсам сізді неге қатаңдау болмайды деп іштей сөгетінмін. Әр нені қызуқандылықпен емес, аса байыппен, сабырмен шешетін әдетіңіз бар-тын. Байыбына енді-енді барып жатырмын. Сонша жұмсақ бола тұра, бір қабақ шытқаныңыздың өзі ұрыншақ ойын баласын сабасына түсіретін. Дауыс көтеріп, ұрыспайтынсыз да. Тек бір қарағаныңыздан бәрін ұға қоюшы едік.

Шәкірттеріңіз үшін сонша жанұшыра жанталасатыныңыз да маған түсініксіздеу еді. Оларды мемлекеттік емтихан, түрлі саздық мүшәйраларға дайындау барысында кешке дейін жұмыста кідіріп, дайындайды екенсіз. Жан тәніңізбен, барыңызды салып. Доқтырлар да жүрегіңіз сыр бергенде айтып еді, күтіну керек деп. Сіз өз кәсібіңіздің адал қызметшісі болғаннан ба, ол кеңеске аса мән бермегеніңізді білемін…

Әкенің орны ойсырап тұрғаны қиын болады екен. «Екі жылдан соң алпысқа толам, сонда бәрін шақырып үлкен той жасаймыз» деп армандаушы едіңіз. Бұйырмаған екен.

Осы хатымды аса бір толқу үстінде жазып отырғанымнан ойларымды жинақылай алмай жатырмын. Онымды түсінесіз ғой. Сіз аманаттаған тапсырмаларды орындау маған серт. Арамызда болсаңыз, қазіргідей жаным жегідей желінбес пе еді, өзегімді өртеген тағдырдың озбырлығына тойтарыс бере алар ма едім, кім білсін… Бірақ, сіздің маған үнемі құлағыма құйып жүретін ақыл-кеңесіңізге зәрумін. Сізге еліктеп сырт әлемге сыр бергім келмейді, бірақ сізсіз бұным қиын. Түнімен тыпыршып, тыныш таппай, таңға таман жастығымның екі жағы да дымқылданып қапты. Сізбенен түнде ұзақ ойша сырластық. Сол бір медеу болды. Уақыт жараларды жазады екен ғой, сіз айтқан басуға мойынсұнардан басқа таңдауым жоқ. Бастысы, менің дұрыстығымды ұқтыңыз. Себебі сіз жағдайды жақсы білесіз. Пейіште жаныңыз шалқысын, әкетай…

Ілмек:

1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (2 дауыс, орташа есеппен: 5.00 / 5)
Loading ... Loading ...

11 пікір жазылған

1.  elvira
28 Шілде 2008 - 1:23 pm

ote ote jaksi jazilgan. kozderim jasaurap kaldi. akeniz jaksi adam bolgan eken. tanimasak ta osi jazuinizdan keyin az da bolsin tanigandaymiz. onegeli omiri unemi sizge, urpaginizga ulgi bolip kalabersin.

2.  Symbat
28 Шілде 2008 - 3:12 pm

Адамды толкытып жiбердiнiз…Козiмнiн жасын сыгып алып та улгердiм. :´( Сезiмiнiздi жаксы жеткiзе бiлгенсiз… Папанызды аркашан жымия еске ала журiнiз…

3.  adius
28 Шілде 2008 - 4:29 pm

Әкеге деген үнсіз махаббатты, сүйіспеншілікті, Әкеге деген табынуды, Әкеге деген сағынышты тілдей қағазға сыйғыза білген – Нұреке жарайсың…
Сенің сағынышты лебізіңді оқыған Әке жүрек бір аунап түскен болар…

“Әке көрген оқ жонар…”

4.  Asqat
28 Шілде 2008 - 5:49 pm

Неге осының бәріне олардың көзін тірісінде айтпайды екенбіз… Қашан да баламыз. Әкеңіздің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Ең бастысы жиі-жиі дұға қылу, әкеңіздің достарымен байланысты үзбеу.
Әкемізді жақсы көретінімізді ашық білдірмейтініміз неліктен екен, осы….
Білемін, әкелер өз сезімдерін сыртқа көрсетпеуге тырысады. Біз де сондай болар ме екенбіз?…

5.  Мылжың Профессор
28 Шілде 2008 - 6:20 pm

Заңғар шыңның басында қар шалады демекші..

Біз сіздің көңілді, езу тарттырарлық әңгімелеріңізге дәндеп қалған екенбіз..

Осы бір мұңды постыңыз жүрегімді елжіретпей қоймады, елжіретпеуі де мүмкін бе?

Әкеңіздің жатқан жері жайлы болсын Нұреке..

Амандықта жүздесейік..

6.  Сәкен
28 Шілде 2008 - 9:59 pm

Әкеңіздің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын Нұреке…

7.  saken
28 Шілде 2008 - 11:38 pm

үш әке болады екен. табиғи әке, сені дүниеге келтіруге себеб болған. және рухани әке. және қайын ата. қайын әке менде әзірше жоқ. табиғи әкем бұл өмірден кеткен. інім екеуміз басын қарайтып, құлыптасын орнатып болып тұрғанбыз. інім тұрып, әкеміз жетінші айдың, жетінші күні, жасы жетпіс жетіге жетіп қайтыс болыпты екен деді. мен де сол кезде барып аңғардым.
ал рухани әкем қазір алыста, жүздесе алмай-ақ жүрмін-ау. екеуін де қатты сағындым.

8.  KonilAshar
29 Шілде 2008 - 9:35 am

jany jannatta bolsyn

9.  Balgyrgan
29 Шілде 2008 - 10:33 am

қалтырған ұрпағы аман-есен болсын

10.  Шымқаладан Шота
29 Шілде 2008 - 11:31 pm

Әкеңіздің артында қалған жасын, бағындырып үлгермеген шыңдарын балаларына берсін…

11.  Берік
31 Шілде 2008 - 11:31 pm

Иманды болсын марқұм, ұрпағын жұмақта желеп-жебеп жүре берсін….

 

Пікір жазыңыз

Аты (*)
Mail (жарияланбайды) (*)
Сайт
Мәтін