
Әсіре әсерілеуді байқаған мен пақырыңыз ғана емес шығармын. Дұрыс қой, ел іші барымызды дәріптеп, қадірімізді асырып, абыройымызды асқақтатып отыру күш-жігердің мұқалмауына керек дүниелер шығар. Көрсеқызарлық үстінде шынтуайтқа жанаса қойыңқырамайтын нәрсені «ең әдемі, ең ақылды, ең ұлы» деп атойлап, тыңдарманыңның жүзіне күлкі үйіру ұстамдылық пен әсем әдептің ишараты ма екен, бірақ?
Ванкувер олимпиадасының ашылу салтанатында комментатор «біздің құраманың киімі ең әсем деп танылды» деп қойып салғанына елең етпей қалмадым. Қуанатын жағдай. Бірақ бұған дейін осы тектес «киім сайысының», рейтингісінің шығарылмай жүргенін қалайша білмей жүргеніме налыдым. Бақсақ, кіндігі Еуропалық бір дизайн әспеттеушісі қазақтардың шымылдықашар салтанаттағы үстіне кигені өзгелерден оқ бойы дарақыланып тұрғанын кесекөлденең тарта салыпты-мыс. Бұл қошемет қошеметіне біздің құзырлы ведомство әлгіге сый-құрметін аямаған ұқсайды. Анығы сол болса, бұл, кем дегенде, қызық жағдай.
Апайтөс баһадүр, ұлағатты адам, сарабдал қоғам өзін сылап-сипап сипаттауда әсірешіл болуға абай болса керек-ті. Ақыры ондайына зәру екенсің, сырт сыншы көз сынын айтып, мініңді түзеп берсін. Қандай да бір істе өзіңдегіге мақтау жаудырып, оныңа өзің сеніп қап, масайрау адасумен парапар емес пе екен… Көзбояшылық дейтін бе едік?


(13 дауыс, орташа есеппен: 3.92 / 5)


Бізде сол жағы басымдау, өзімізді өзіміз мақтап, соған өзіміз сеніп қап, шеттен келген біреу “Болсаң қайтейін” дегенде тасымыз қысылып қалатын қызық жағдайлар аз ба?