390 рет оқылды

Нәуірзек кеп, қыстаудан көктеуге бет алған жамағаттың жаны жадырайтындай шақ. Сарыарқа төсінде қыстың қатпарлары шегіне қоймағанмен, көңілге ұялап үлгерген жылулық «ақ киімді, денелінің» мысын басты.

Әлгі «түсі суықтың» соңғы шенінде Ақтөбеге барудың жолы түсті. Ел іші кезгесін Марко Полоша сабақтамайсың ғой сөзіңді. Жалпы, шет елде болып көрмегем десем де болады. 94-те лицейлестер болып Түркияға саяхаттауға жіберілгенімізді есепке алмасам, былай, шығып көрмеппін кісі еліне. Әліге дейін экзотика. Бергісі Алматымыз, Таразымыз бен Қызылордамыз, арғысы Атырауымыз, Оралымыз боп көз көрген жағрапиям шектеледі екен. Айналдырғаны бір жарым күнге созылған іссапар барысында батыс інжуінің кей кереметтерін байқап үлгеруге болады екен.

Қаланың экономикалық әлеуетіне септесуші басыбайлылардың бірі қытайлар бастаған мұнай алыбы. Әр өңірдің осындай «донорлық» қайнаркөздері бар: Шымкентте, мәселен, мұнайды айдау зауытының тасын өрге домалатуға мүдделі Петро Қазақстан, Атырауда – Қашаған және Теңізді игеру жобалары… Жергілікті салық түсімдерінің толағай еншісі осы тақылеттес алыптарға тиесілі. Инвесторларға елде қолайлы шарттар қарастырылып отырса да, тізгінсіз жіберіп қоя салу жоқ. Олармен терезесі тең диалог орната білуде пәрменді қағидалар ұстанылып келе жатқанына көз куә. Басшылыққа мадақ жаудыруды ретсіз көрсем де, Ақтөбе өңірінің түлеуіне еңбек сіңіріп келе жатқан азаматтардың еңбектері ерен боп көрінді. Жергілікті жұртшылықтың базбірі өсім динамикасын шегелеп айтады. Әлбетте, мұнай қоры атқылап тұрғасын бар қазынаны үйлесімді үйлестіруде асқан көрегенділік қажетті шарт емес деуге құлықты болсақ та, бар несібені шашыратпай, көп игілігі пен кәдесіне жаратуда кекесінді ұйымдастырушылық қарым-қабілет керек еттірілетінін ұғамыз ғой.

Бір қызығарлығы, маған ұшырасқан Ақтөбеліктердің қонақжай дархан да мәрт мінезі, кішіпейілділігі, байыптылығы бұл қалада аса көп адамды тани бермейтін пақырыңыз үшін бір күш болды. «Дастан» қонақүйінен таяқ тастамда қылауы түспеген сәулетті мешіт пен әріректе, «Мега» думан кешеніне таяу маңда қоныс тепкен шіркеуді көргенде ғибадатханалардың «ашылуы» көршілес қос ел басшыларының қатынасуымен өткені еске оралды. «Қобыланды батыр» алаңында ойнайтын футболшы да доптебісте ешкімге дес бермесін дәлелдеп бағып келеді жыл сайын. Қаладағы жаңа құрылыс нышандары серпіліс барына айғақ. Баршылық һәм молшылыққа есіріп, дандайысып кете қоймаған социум. Сүйсінесің.

Біздегі Батыстың өзіне тән нәзіктігі бар. Бұны осы аймақпен біте қайнасып, қоян-қолтықтасып жүрген байқайды. Атырауда жұмыс істеп жүріп, ол жердегі игі-жайсанның айтарын бұлжытпай, тіке айту мақамына қарап дөрекі деп байлам жасамайтынбыз. Түп-тұқиянына бойлай қарасаң бұл қазақ түгелі бәз-баяғы ашық та жарқын, көңілі Алтай мен Атырау, абыройы асқақ Алатау… Заманасы түртпектеп, өзіне лайықтандырғысы келсе де, ішкі бітімін, саф тұнығын қори білетін халқыңның қай жерде де сол болмысымен дараланатынын мақтан тұтасың, тәнті боласың. Өзіңді де сол айналып кетейінге жатқызасың. Маңғазданып, өзіңді мадақтап сүю емес, күре тамырыңды әспеттеу, құрмет тұту болса керек. Қанша шалғай, қанша алыс боп жүрсек те түгелімізге тән қанмен дарып келе жатқан ұлттық реңкіміз ортақтандырушы дәнекер боп қала берсін. Қазақ Ақтөбеде де, Өскеменде де қазақ… Жалайыры да, Найманы да, Беріші де…

1 жұлдыз2 жұлдыз3 жұлдыз4 жұлдыз5 жұлдыз (11 дауыс, орташа есеппен: 4.27 / 5)
Loading ... Loading ...

7 пікір жазылған

1.  V
1 Наурыз 2010 - 5:41 pm

Мен байқаймын,осы сайтта басқа біреуді мәмбет деп айтатын қазақтар көп.мәмбет деген сөзді орыстанып кеткен қазақ емес мәңгүрттер шығарған.жалмауыз орыстар сол мәңгүрттерден үйреніп қазақша сөйлейтін қазақтарды мәмбет деп жүр.Тоқтату керек!Жалмауыз орыстардың коминтарийлеріне назар аударыңыздар http://today.kz/ru/news/life/2010-02-26/zoopark

2.  Оразов Аршат
1 Наурыз 2010 - 9:04 pm

Ақтөбенің адамдары туралы айтқаның қатты ұнап кетті ей құрдас!

3.  Asspan
2 Наурыз 2010 - 3:17 pm

Konakjai demekshi, Aktobede bolgan emespin, birak elimizdin batys aimagyna barganymda kazakh ekenimdi tagy bir tanyp kaitkhanym bar!) Bar bolgyr, batys!)

4.  make
3 Наурыз 2010 - 5:38 am

біреуді жақсы деп сөз бастау – нашар біреулер бар-ау деген дүдәмал ойдың да бастамасы…

5.  Нұрғиса
3 Наурыз 2010 - 9:32 am

Әр ауылдың тентек-телісі барын жоққа шығармау керек. Ақтөбеде де жоқ емес шығар. Мысалы, Атырауда да бар. Шығар. Мысалы өзім кез келмедім. Жоқ десем утописттік ойды жеке дара қызғыштай қорғағандай болам. Ал мен утопия қиялиы емеспін :)

6.  ЕрНур
6 Мамыр 2010 - 11:52 am

Гугл кз-тан Біржан Сал жөнінде іздеп отырып кездейсоқ сенің дуниеңе тап болдым Нұреке.Құтты болсын! Қуаныштымын.. тамаша дүние екен! Осы сендердей қазақ интернетіне дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарымыз көбейсін!!!

7.  Айшат
13 Мамыр 2010 - 10:26 am

Ақзеренің блогына кіріп, Нұрғисаның жазбаларын оқығанымда “Мына қаламның ұшталуы таныс тәрізді” деген ой келген-тін. Интуициям алдамапты. Сені әлемторынан тапқаныма қуаныштымын, құрдас, толағай табыстар тілеймін! Биіктерге самғай бер! Сен үшін шын жүректен қуаныштымын!!! Егер мені таныған болсаң…

 

Пікір жазыңыз

Аты (*)
Mail (жарияланбайды) (*)
Сайт
Мәтін