
Оның аты Еділ. Батыста Еділді Атилла деп атайды екен. Еділ Құсайынов бүгінгі өлшемге өңгергенде этносазгерлік симбиоздың ұйытқысы. Көмескі үн мен модерн нақыштағы трендтердің синтезін жасақтау арқылы мәшһүр болған ізденгіш тұлға. Ол жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, шаңқобыз аспаптарында емін-еркін ойнайды. Ол аз десеңіз, көмеймен ән айтудың кәнігі шебері.
«Меломан» дүкенінің сөрелерінде тың не дүние бар екен деп кезіп жүріп, «The Magic of Nomads» паносына көзім түсті. Ұлғайтылған көлемде тұмарлар ілініпті. Қызыл, қара түсті тұмарлар.

Қызметкер бала дискіні алып беріп, тыңдап көруімді ұсынды. Хош, бұны құп көрдік. Пах! Мынау өзі ерекше жанр ғой, көкем-ау! Тұнып тұрған ұлттық иірімдер, түптамырлық саз жәдігері… Попсаланып кеткен жеңіл-желпі дүние емес, үлкен жұмыстың өнегелі басыбайлы нәтижесі. Жинақ «Бұлбұл заман» деп аталады екен. Күй мен әндік композициялар жаңаша реңкпен байытылған, тың көзқараспен ұсынылған тыңдарманына… Осындай рухани азық тауып алғаныма аса қуаныш үстіндемін! Астана қаласының әкімшілігі баскенттің он жылдық мерейтойы қарсаңында осы дискінің жалпы тапсырысқа берілген данасының тең жарымын мәртебелі қонақтарға үлестіру үшін арнайы алдыртыпты.
Еділ Құсайынов Атырау қаласының тумасы. Әкесі де (Сейілхан Құсайынов – күйші, «Мереке» күйінің авторы), шешесі де (Раушан Нұрпейісова – елдің батыс өңірінде танымал қобызшы) музыкаға біртабан жақын кісілер, Едекең де ес білгеннен саздың небір қатпар-қатпарларынан тоят табады.

Құсайыновтар бастаған «номадтар» «плеядасы» әу баста отандық сахна емес, шет елдегі Қазақстан елі үшін имиджқұраушы айтулы шараларда ұлттық колоритті насихаттап келді. Карнеги Холлдағы ғұндар мен сақтар мекен еткен бейтаныс қыпшақ даласының тылсым дыбыстары «ойпырмай» дегізіп, таң қалысқан музыка эстеттерін ду қол шапалақтатқызды да…
Бастапқыда «номадтар» елішілік іс-шараларда экзотика ретінде қарастырылғаны жасырын емес. Бірақ бүгіндері Еділ Құсайыновтардың асығы алшысынан түсіп жатқан сыңайы бар. Шараларға қатынасу күнтізбесі күні бұрын түзілетін, сұранысқа ие беделді топ олар қазір. Керек десеңіз, сазгерлік топтар ішінде аса жоғары бағаланатындар когортасына жатады екен Құсайыновтардың секстеті.
Әрбір туындысын қосып, қайта-қайта тыңдай түскім келеді. Құмарынан айыға алмай жатырмын, шыны керек. Асылбек Еңсеповтің қазақтың домбырасын әлемге әйгілеткенінде тұла бой бір шымырлап еді. Содан кейінгі тызылдауы осы шығар…
Айтпақшы, номадтар 2002 жылдары АҚШ-тың Вашингтонында «Sіlk Road» – «Жібек жолы» фестиваліне қатысқан. Бұлардың сырт пішініне қарап, аптап ыстықтан азар да безер болған жұрт «жаңбыр шақырсаңдаршы, қауқар келсе жауғызыңдар» деп «қамшылай» түседі. Бұлар бір күй ойнаған, артынша шынымен аспан канцеляриясы «тапсырыспен» жауын-шашынын аямаған екен. Үш күн бойында толассыз нөсерлетіпті. Жауын! Малмандай су болған жергілікті «аборигендердің» «Әй, мыналарыңды бір амалын тауып тоқтатсаңдаршы етті» деген уәжін жерге тастамай, теріс бата береді. Жаңбыр сап тыйыла қалады… Мистика ма? Фантастика ма? Солай деуде де сөкеттік болмас болар… Бір анығы, бұл шүбәсіз қазақ фольклорының тылсым құпиясы!
Осылай, Алматыдағы дүкеннен көненің көзін тауып алған маған қанат бітті. Айналсоқтап тыңдай беремін кеп, тыңдай беремін… Кеше түскісін Шымкенттегі орайы келіп «Меломанға» барғам. Тағы. Дәметіп. О, тоба… Тағы да мистика! Қазақи перформансқа лайықталған сөреде маған тұңғиыққа қадалған көздерімен Еділ Құсайынов қарап тұр! «Ілбіс елі» (Irbis Land). CD атауы осы. Басқы мұқабасында «The sound of modern Kazakh Nomads» деген аннотациясы бар.

Тыңдап көрсем, сапасы еш күмән туғызбайтын, аса таза орындалған ноталар қайтадан баурап алды. Жайшылықта имене қоймас мені. Қуана-қуана кассаға барып, есептесіп, айналдырғаны екі-үш күн ішінде тағы бір жауһар дүниелі болдым. Рухани олигарх сияқты сезім бір… Рас… Мынау құпия саздар сондай соны күш беріп тұр маған қазір! …
Басқа қона қалған бақытыммен бөлісуім бұл. Мүмкіндік болып жатса, мен айтқан дискілерді алып көрсеңіз болады. Құны өзге «сидилерден» қымбаттау демесеңіз, бұл әр қазақ үйінде домбыра мен құранмен қатар міндетті түрде табылуы тиіс қазыналы дүние сияқты. «Номадтардың» ешқандай промоутер-шромоутері емеспін, бірге қуанайық деген ниет мендегісі.
Сіздерге айтарымды айттым… Барып, фантастикалық күйлерді тағы бір қайтара тыңдап қайтайын… Этнофантастикалық жанр ол….
Ілмек: The Magic of Nomads




бір тректі ілшейш Нұрғиса. тыңдайықта.
осылайша Нұрғисаның пираттық карьерасы басталды да кетті… давай е құрдас ілшиш, тыңдайқ та бізде.
пираттық емес, жарнаның жаңа түрі ғо
Бұл жерде әле алмайтын түрім бар. Авторлық құқықтарға құрметпен қарау керек. Мен одан да мына бір сілтемемен бөлісейін, осында бірді-екілі туындыны тыңдап көруге мүмкіндік бар:
http://kz.magicofnomads.kz/?p=discography
Қолдарың тисе, “Меломанға” барып, толық нұсқасын сатып алып, ләззатқа батып тыңдаңдар. Терең мағынаға ие дала сазы ол…
иа, бұл сайт award-қа қатысқан сайттардың бірі еді. Тыңдап көргенмін жақсы екен.