
Гректер бұл мундиальда қай азу тісін батырарын басып айтуға жоқпын. Есесіне Оңтүстік Корея тарландарының бабы сойқан. Маған салсаңыз, төзімділігі мен кейбір техникалық компоненттерін мығымдаса, бұларың Еуропаның ортанқолынан еш кем түсе қоймайтын дружина. Ойын қисынын өз мақамына ыңғайластыру болсын, шабуыл өтінде кең көсіле ойнау болсын – келісті ойын өрнегін паш етті кәрістер. 2-0 есебі шын мәнінде 3-0, 4-0 де болуы әбден мүмкін еді, тет-а-тет рандевуға шыққан кәріс шабуылшылары қырағылау болғанда. жалғасы »
Ілмектер: гректер қапыда қалды, кәрістердің жеңісі, Пак Джи Сун

Loading ...

Сонымен, кезек «Б» тобына да келіп жетті. Бүгінгі күннің шымылдығын ашушылар Хиддинкті пір тұтушы Оңтүстік Корея және Отто Рехагель қартқа иек артқан Грекия. Еуропаны дүр сілкіндірген еуропалықтар қазір сылбыр. Бабында дей қою қиын. Есесіне әлемдік доп додасына дейінгі жолдастық кездесулерде азиаттар ширақ еді. Енді, міне, бірінші тайм басталар басталмас Джун Су Лидің сол қапталдан берілген допқа аяғын ұрымтал қоя білуі суырылып алға шығуларына мұрындық боп тұр. Бұрыштама добы бойынша едәуір басымдыққа ие гректер ойын тұрғысында шикілеу. Кәрістердің ортал шебі жақсы ойнап жатыр. Шапшаң, адуыны зор, өзін кемшін сезіну атымен жоқ.
Бірінші таймның статистикасы келесідей: жалғасы »
Ілмектер: Грекия, Оңтүстік Корея, футболдан әлем чемпионаты 2010

Loading ...

Ойыннан есте қалған жайттарды тізбектеп көрсек: намданған шөпке қайта-қайта тая берген ойыншылар, төреші; чемпионаттың алғашқы қызыл карточкасы, тиісінше дисциплинадағы үңгірдей саңылаулар; ұрымтал сәттерде комментатордың ойынды емес, қарарманға қайсыбір банктің несиелерін алуға үндеуі… болды… Болды… Француздар қарт құраммен келген сияқты. Баяғы тың үшжолақтылар жоқ. Рибери де, Анелька да, тіпті алмастырымға шықан Анри мен Малудалар да Уругвайдың қырсық қорғаныс шебін бұзып өтуі жазбапты. Ендігі турнирлік жағдай қызық: бірер сағат бұрынғы Мексика мен ОАР күтпеген жерден бірінші және екінші орынды өзара бөліске салады. Соғылған гол есебінен. Мексика бүгінгі Франция мен Уругвайлардан жеңіле қоймайтын сияқты. Әуселелерін көрдік. Бір қызығы, тас қамал боп бекіністе жатып алса, қара құрлықтың маржандары да кейінгі сатыға көз аларта қарауы әжеп емес… Матчтағы жалпы саны 6 сары және 1 қызыл карточка командалардың кейінгі ойындарда фэйрплейге мойынсұна ойнауына ойтүрткі болар. Уругвай әлімсақтан осы, есерсоқ. Аякстағы Суарезтері үміттерін ақтамаған сияқты. Челсилік Анельканың да жарытқаны шамалы. Дегенмен, түк жоқтан аз бар жақсы демекші, бір ұпайын да қанағат тұтатын шығар итжығысты місе тұтқан қос команда. Шиеленістің көкесі алда, демек…
Ілмектер: итжығыс, сенген серкем сен болсаң

Loading ...

Доменек үшін соңғы карт бланш. Қанша сын жауынының нөпірі лап етсе де, пысқыра қоймаған Раймонд коуч соңғы «жазында» не із қалдырар екен?
Былай қарасаң, Ирландиямен мүйіз сүзісуде Францияның Марадонасы болған Т.Анри сол «Құдайберген қолы» үшін ғана құрамаға іліктірілген сияқты. Әйтпесе, отыздың екеуіндегі оның Барсаның негізқұрамына іліне бермеуі көп жайды оңай жалаңаштайды…
Уругвай «қырсық» команда. Көңіл-күйі келісті келсе Бразилия-ау, Аргентина-ау деп қиылып, сызылып жатпайды. Форлан мен Суарезі бар құрама қалай аутсайдер сапында қарастылсын. Әзірге қырық бес минут бойында аса қауіпті жағдай бола қоймады Муслера қорғаған қақпа маңында. Гову бір мәрте қапы кетті демесеңіз…
Әзірге ойын аса тегеурінді қарқынмен өрбіп жатқан жоқ көбісі күткендей. Ешкім гол дарыта алмай, матч есеп ашылмаған күйі бітіп жатса да таң қалман. Бастапқы матчтардың концепцияды да сол: ә дегеннен үш ұпайдан қағылып қалмау. Алдынырақтағы екеудің жалғыз ұпайлы болғаны бар… Болса тек жалғыз гол болар. Және оны Гову соғар… Рибери ашыла алмай жатыр. Зиданның ізбасары деп нар жүгі артылған Горкюфф әзірге сылбыр. Алыстан дәлдегілері келеді, қиыс кетеді. Францияға жойқындылық жетіспей жатыр. Бұғып жатқан Форлан жоқ: реті келсе теуіп қалудан аянып қап жатқан жоқ сабазың… Сонымен, екінші тайм басталуға шақ, қызыққа кенелейік. Қырық бес минуттан соң көріскенше…
Ілмектер: Анелька, Доменек, Уругвай, Форлан, Франция

Loading ...

Қызық болғанда, екінші таймда Оңтүстік Африкандықтар тісін батырды. Сөйтті де гол соға салды. Бұған әдемі өрбіген комбинация себеп болды. Шабуыл өтінде мексикан жігіттердің пас ұзатудағы олқылығынан кейін. 1-5-4-1 нобайын құп көрген қара құрлықтықтардың аз мүмкіндіктен мол олжаға кенелуіне тәнті болмау мүмкін емес, әлбетте. Сантосқа ерекше зейін қоюымыз нақақ емес екен. Қарсылас дефендерлердің зәре құтын қашырған ол және команда капитаны Маркез ақыры дегендеріне жетіп есепті теңестіруі, бір жағынан, Мекискаға аздап үміт сыйласа, екінші жағынан үш опайдың исіне мас бола бастаған ОАР-дың апшысын қуырды. Ең қызығы, турнирлік кестеде бұл Уругвай мен Францияның мерейін үстем еткелі тұр. Кешқұрымғы ойында жеңіліскердің өзі салын суға кетіре қоймайды деген сөз.
ОАРлықтар күтілгендей әлжуаз болмай шықты. Бұны кішкентай да болса сенсацияға жатқызып көрейік. Мексика итжығыстың өзіне әрең қол жеткізді десек, бұдан кейінгі ойында, мәселен ки Франция бүгін үш ұпаймен қанжыға майласа, және оларға есе жіберіп жатса, Уругваймен болатын матч аса тартысты болады деп күту орынды.
Сонымен, «А» тобның кқшін ОАР мен Мексика бастады… Екі сағат соңыра келесі жанталасу куәсі боламыз… Чемпионаттың қазаны қайнап келеді… Бұрқылдайын деп жатыр… Асықты жілік кімге тартылады, бас кімге, сыйтабақ кімге бұйырар екен? Әліптің артын бағайық…
Ілмектер: ОАР-Мексика 1-1, тең ойы, Уругвай жеңді

Loading ...

Сонымен өзбек Равшан реферидің ысқырығынан соң ышқырынып тұрған қос команда әлем біріншілігін бастап жіберді. Мексика мапаздау мен созғылауды жөн санамады ма, лап қойды бірден. Аздап абдыраған алаң иелері еміс-еміс ес жинап, допқа аз-кем иелік ете бастады. Сапында «Барселонаның» тас қамалы Маркезі бар мексикандықтар сапа мен комбинациялық жүйе тұрғысында анағұрлым жұғымдылау ойын көрсетіп жатыр. Тіпті гол да дарытылды біріншілікті қабылдаушы торына. Осы жері қызық болды: гол соққан ойыншы қақпашымен бір сызықта болмай, ілгері тұрғандығынан ба, жоқ әлде соңғы қорғаушы алаңда болмады деп саналды ма… оффсайт алғаш голды кейінге шегере тұрды.
«Еларна» жүргізушілерінің дайындығы көңілді көншітпеді. Осындай мезі мінез бізді әлі қанша дода бойында қажайтынын білу қиын. Статистикалық топтамалар, қызықты фактаж аз. Әлі көмескі үрдіс… Тым болмаса Абекең болса екен, әлгілердің шешесіне «қалжа жегізіп», «тамаша футбол спектаклін» тамашалаттыратын…
Бірінші таймнан соң есеп 0-0. Ойыналды жасалған болжамның лек-легі аз гол соғылады айналасында топтасып еді. Солай болғалы тұр.
Екінші таймнан кемінде бір гол күтемін. Оны Мексика салатын сияқты. Анау Сантосы. Галатасарайлық… Пәле екен… Пеле ме, әлде…?!
Ілмектер: ОАР Мексика 1 тайм

Loading ...

Миллиардтардың жүрегін жаулағыр домалақ доп блогқа домалақ басты домалатып келсе, не шара? Не уәж айтасың?
Зе Блаттер мен ОАР елбасшысы кеше түн ауа болған аламан концертте, былайша айтқанда, тұсауын кесті қара құрлықтағы осы мундиальдің. Ә дегеннен орыс комментатордың «Мына президент пәленбай жыл бұрын қыз зорлағаны үшін істі болды, қазір бес зайыбынан жиырма баласы бар» деп қойып салғанда, эксклюзивті көрсетілім құқықтары елдік арналарымызға тиесілі екенінен күнібұрын құлақтандырылғанымызды еске алып, сағынысып қайта қауышатын можантопай айтқыштарымыздың әуселесін бір біліп алдық. Бірақ дүбірлі дода, мың күннен аса күтілген салтанат қарсаңында бұны елемеу керек шығар.
Бүгіннен бастап «Хабар» және «Еларна» дәнекерлігімен күллі сахараға тарайтын «жан алысып, жан берісер» дуельдерге көз тігеміз. Месси мен Роналдолардың мысын басар жаһұттарды паш етіп берер, бәлкім. Сәуегейлер Испания мен Голландиядан сескену керек деп жиі айтқыштайды. Әйтпесе, Рональдиньосыз Бразилия ойсырай салар құрама емес. «Жасындай жарқылдаған» Мессидің де іркіліп қалар кезі емес бұл доптебермендердің саммиті… Бразилия демекші… Олардың «орындаушылары» емес, төрешілері туралы: Англия мен АҚШ матчына төрелік ететін оларға бейресми түрде бейәдеп сөздердің жиынтығымен танысып шығуға кеңес етіпті Жәкемдер. Егерәки ашу үстінде әлгілер баж ете қалса, ашуларын баспаққа.
Құсалықпен өткен күндер енді жайнай түспек. Шілденің шіліңгіріне пысқырмай ойнайтындар мен әбден күтімі зор шарттарда доп тебуге машықтанып қалғандардың қайсысы шаптырады екен бабын? Асхат Сағынаев па, Амангелді Сейітханов па? Торрес әлде Месси? Роббен бе, Кака ма? Жә-жә, бөсе бермейік… Бәрін осы блогта жазып тұруға уағдаласайық.
Әлеми матчтардан тікелей репортаж блогына қош келдің, футболқой әуесқой! Кешкі жетіде бастаймыз… Айтпады деме…
Ілмектер: World Cup 2010, футболдан әлем біріншілігі

Loading ...

Бұ е-халық жаппай моймирленіп, неліктен бөсті десем, мэйлрудің бір білгені бар сияқты. Джимейл іскерлік қажеттіліктерді өткеріп, қанағаттандырып жатқасын алаңдамаудың реті бар ғой. Мынауының «іліп әкетері» – басқасын былай қойғанда, қолжетімді ойындары, оның ішінде «Балдасы» болды маған. Үйге барып, бір пиала шайдан кейін бір мәрте ойнап тастайын деп отыра кету әдетке айналып барады. Мүмкін, менің шайүсті «сериалым» осы шығар?
Жарнамалағандай болмайын. Адамның шапшаң ойлау/құрау техникасын жетілдіріп, сөзжасам қабілетін ұштай түседі екен. Астанада біздер еміс-еміс әзірге электронданбаған қазақша нұсқасын жалғасы »

Loading ...

Мерекелеріңіз мерейлеріңізді үстем ете берсін!!! Ақ ниетімді қабыл қылғайсыз!
nurgisa.kz/audio/voice.mp3
Get the Flash Player to see this player.
Ілмектер: аман болсын арулар, аудио құттықтау

Loading ...

Қойын дәптеріме түртілген кейбірімен бөлісудің реті түсіп тұр тағы. Қайсыбір баламалар терминком бекіткен тізімдемелерде де ұшырасатын шығар. Бұл жұмыс бұдан былайғыда да дәстүрлі жалғасын табар деп сенгім келеді.
Ловушка – қақпан, тұтқыш, тор – Trap, catcher
Пробоотборник – сынама сұрыптаушы – sampler
Обогащение – байыту – concentration, dressing, enrichment
Выбросы – лақтырынды – effluents
Износ – тозу, желіну – wear
Сопло – шүмек – nozzle
Фактические величины – нақты шамалар – actual values
Башенная опора – Мұнарбақан – Tower support
Безотказность – қалтқысыздық, тоқтаусыздық – failure-free performance
Исправность – түзеулік, жарамдылық – serviceability
Понижающая передача – баяулатушы беріліс – step-down transmission жалғасы »

Loading ...
Пікірлер